Аннотация. Мақалада жасөспірімдердің дене сапаларын жетілдірудің жолдары сол жас кезеңіне тән жетекші іс әрекеттері арқылы көрсетіледі. Жасөспірім кезеңінде балалардың қызығушылықтары спорттық іс әрекеттеріне арта түсетіндігін ескере отырып, дене жаттығуларының әртүрлі топтары негізінде олардың дене сапаларын жетілдіру қолға алынған.
ЖАСӨСПІРІМДЕРДІҢ ДЕНЕ САПАЛАРЫН ЖЕТІЛДІРУДІҢ ЖОЛДАРЫ
Адам өмірінің қай кезеңінде болмасын дене асапларын дамытып отыру өз өзектілігін жойған емес. Адамға бірінші байлық денсаулық демекші, денсаулықты нығайту тек дене сапаларын жетілдіру арқылы қамтамасыз етіледі. Олай болса, дене сапаларын жетілдіру жолдарын әрқилы қарастырған жөн.
Біз өз зерттеуімізде балалардың дене сапаларын жетілдірудің негізгі жолы ретінде, олардың жетекші іс әрекеттері арқылы дене сапаларын жетілдіруді қарастырамыз.
Адам өмірінде даму үрдісі әрқилы жас кезеңдерден өтеді, әрбір жас кезеңнің өзіне тән жетекші іс әрекеті болады. Жетекші іс әрекет баланың жан жақты дамуын қамтамасыз етеді. Олай болса, дене сапаларын жетілдірудің де негізгі құралы болып қала бермек.
Егер кіші мектеп жасы үшін оқу іс-әрекеті жетекші болса (оған ену, осы іс-әрекет субъекті ретіндегі рөлін қабылдау, оқу мотивтерінің қалыптасуы, оның пәндік мазмұны мен құрылымын меңгеру және т.б.), онда орта жас оқушысы үшін (жеткіншек) жетекші ретінде сан алуан формалардағы қоғамдық пайдалы іс-әрекет болады, оның арнасында құрдастарымен интимдік-тұлғалық қарым-қатынас та, басқа жыныс өкілімен өте маңызды қарым-қатынас та жатыр. Бұл жерді оқу іс-әрекеті іске асырылып жатқан белсенділік бола бастайды – ол жасөспірімнің дараландыруын «қамтамасыз» етеді. Әсіресе, оқу іс-әрекетінің құралдарын, тәсілдерін таңдауда ол өзін мақұлдап, бекітеді. Бір мезгілде жаңа бір қоғамдастыққа бейімделу, өзіне таныс, екіншісінде, дараландыру және ары қарайғы ықпалдасу – бұл жеткіншек үшін неғұрлым мәнді әлеуметтік-психологиялық процестердің күрделі шиеленісуі. Өзін өзінен және басқалардан табу – осы жас кезеңінің негізгі саналы түсінілген немесе ішкі түйсікпен жүзеге асырылатын қажеттілігі.
Жасөспірімдік кезеңде балалар қоғамды жұмысқа белсенді араласа бастайды. Егер қоғамдық жұмысты дене еңбектерімен ұштастырып жатсақ, дене сапаларының нығаюына септігі тиеді. Бұл жас кезеңінде балалардың бұлшық еттері мен сүйектерінің нығаюы қарқынды болса, онда дене сапаларын жетілдіруге байланысты берілген дене еңбектерінің қағидаларын ескере отыру қажет. Артық күш жұмсау, үздіксіз еңбек ескерілу керек.
Осы жастағы балаларға тән іс-әрекет өзіне оның оқу, қоғамдық-ұйымдастырушылық, спортттық, көркемдік, еңбек сияқты түрлерін қамтиды. Пайдалы іс-әрекеттің осы түрлерін орындауда жеткіншекте қоғамдық қажетті жұмысқа қатысуға, қоғамдық мәнді болуға саналы ұмтылу пайда болады.
Сондай ақ жасөспірім кезеңде балалардың спорттық іс әрекеттің түрлеріне қызығушылық кұрт өседі, спорттық үйірмелерге қатынасу етек жаяды. Сондықтан осы жетекші әрекетті де есепке ала отырып, олардың дене сапаларын жетілдіуді басшылыққа алу қажет. Жиі спорттық эстафеталар ұйымдастыру, тау, өзендерге саяхаттар жасау, баланың тек дене сапаларын ғана жетілдіріп қоймайды, сонымен қатар тәрбиенің түрлі ұштасуын қамтамасыз етеді.
Оқу іс-әрекетінің субъектісі ретінде жеткіншек өзінің субъекттік ерекшелік позициясын, «даралығын» мақұлдату, бір нәрсемен өзгешеленуге ұмтылу (әсіресе, ұлдарда байқалатын) беталыспен сипатталады. Бұл, егер оқу іс-әрекетінің мазмұнымен – оның пәнімен, оқу міндеттерін орындау құралдарымен, тәсілдерімен теңестірілсе, танымдық мотивацияны күшейтуі мүкін. «Ерекше болуға» ұмтылу жетістікке жету мотивациясына да кіріп, оның «сыйлық», «табыс» сияқты құраушыларынан байқалады.
Жасөспірімдік кез – адамның, жалпы тұлғаның қалыптасуының, сан алуан қызығушылықтардың көрінулерінің орталық кезеңі. Бұл спорт рекордтарын орнату, көркемөнер, техникалық және ғылыми жетістіктерге жету, адамның болашақ «қайраткер», іскер ретінде қарқынды және белсенді әлеуметтену уақыты. Осыны мұғалім өз педагогикалық іс-әрекетінде тиімді қолдану керек болады. Осындай қайта құрылымдық қалыптасу барысында олардың дене сапаларын жетілдіудің мәні зор.
Қазіргі кезде білім беру мекемелерінің алдында тұрған міндеттердің бірі – жас ұрпақтың салауатты өмір сүруге көзқарасын қалыптастыру, олардың денсаулығын сақтауға, қоршаған ортасын таза ұстауға және жоғары, сапалы білім алып, сол білімді келешектегі өмірінде пайдалана білуге тәрбиелеу. Соның ішіндегі салауатты өмір салтын ұстануға ерекше көңіл бөлу қажет. Осы жас кезеңінде балалар бос уақытын «ермек» істерге (нашақорлық, ішімдік, әйелқұмарлық) бой алдырмауды басшылыққа ала отырып, күшті энергияларын дене сапаларын жетілдіру мақсатындағы іс шараларға алмастыру керек.
Мектеп оқушыларының салауатты өмір салтын қалыптастыру туралы алған білімдері болашақ азаматтардың денсаулығын сақтап қалуға берік тірек болады. Қазіргі инновациялық оқыту технологиясының қарыштап өмірге енуі жағдайында салауаттылық пен денсаулықты сақтау қағидаларын бұқараға кең тарату мақсатында бұл мәселе үлкен тәжірибелік маңыздылыққа ие.
Дене сапаларын жетілдіруге бағытталған спорттық әрекеттер мен дене жаттығулары қазіргі өркениетті, дамыған қоғамда үлкен орын алып қана қоймайды, ол әр адамның дене дамуын жан-жақты жетілдіре отырып, моральді-ерікті қаситтерінің тәрбиеленуіне себепші болады. Спорттық іс-әрекетінің негізгі түрлері үнемі белгілі бір қимылдық әрекеттер – дене жаттығуларымен байланысты.
Осыған байланысты дене жаттығуларының келесі топтарын бөліп көрсетуге болады:
1. Қарапайым қимылдар, яғни адам денесінің жеке бөліктерінің қимылы (гигиеналық, гимнастика, таңертеңгілік жаттығулар, еркін гимнастикалық жаттығулар). Бұл қимылдар өз құрлымы бойынша қарапайым психологиялық тұрғыдан олар нақты бұлшық-қозғалыстық түйсінулерге негізделген.
2. Бүкіл дененің ауысуы, мысалы: гимнастикалық снарядта, брусьяларда, шеңберде, атта т.б.-да түрлі жаттығулар орындауда. Бұл жаттығулар көру және сезу түйсінулерінің өзара байланысына негізделген.
3. Кеңістіктегі қоғалыстар. Мысалы: спорттық жүру, жүгіру, өрмелеу, секіру, кедергі арқылы жүгіру т.б. Бұл жаттығулардың барлығы белгілі бір кеңістікті қысқа ғана уақыт ішінде жеңуді қажет етеді.
4. Түрлі заттармен жаттығулар орындау (ауырлық көтеру, лақтыру т.б).
5. Спорттық ойындар. «Бұл спорттық қимылдар психологиялық құрлымы бойынша өте күрделі болады». Мұнда спорттық іс-әрекеттің ұжымдық сипаты байқалады.
Спорттың басқа да іс – әрекет түрлерімен салыстырғанда басты айрықша ерекшелігі сол, спорт-бұл үнемі сол немесе өзге қиындықтарды жеңуді қажет ететін іс-әрекет болып табылады. Барлық ерік қасиеттері бір-бірімен органикалық байланысты, біреуінің дамуы және жетілуі өзгесінің дамып-жетілуіне көмектеседі. Кейбір жекелеген спорт түрінде ерік қасиеттер жетекшілік маңызға ие болады.
Болгар ғалымы Ф.Геновтың жіктеуі бойынша келесі үш ерік қасиеттері (мақсатқа ұмтылғыштық, тәртіптілік пен сенімділік) бүкіл спорт түрлері үшін жалпы ортақ болып табылады. Себебі, мақсатқа ұмтылу мен тәртіптіліктің моральдық жағы, мазмұны айқын байқалады, ал өз іс-әрекеттері мен мүмкіндіктеріне сенімділік спортшының ерік құрылымының міндетті бөлігі болуы тиіс, себебі онсыз спорттық іс-әрекет тиімді болмайды.
Дене сапаларының жетілуі қимыл қоғалыстық әрекеттерді орындауға мотивациясынан туындайды. Олай болса, жасөспірімдердің жалпы даму барысындағы тәндік және рухани даму мүмкіншіліктерін ескере отырып, оны жасөспірімдердің жетекші іс әрекетімен ұштастыра отырып, қолға алған жөн.
Байжұманов Д.Ш.
Қазақстан, ОҚО, Түркістан қаласы Қ.А.Яссауи атындағы Қазақ Түрік Халықаралық университетінің магистранты
Ғылыми жетекшісі: филос.ғ.к., ХҚТУ профессоры К.Д.Баетов