Досқараев Б. М.: «ҒЫЛЫМ МЕН СПОРТ САЛАСЫНЫҢ ДАМУЫ»

0
1353

\"\"Аннотация. В настоящее время спортивная наука переживает трудный период своего развития. Это проблемы недостаточного выделения средств на обновления и модернизация инструментария и оборудования для спорта. Низкий эффект от деятельности комплексных научных групп (КНГ) работающих со сборными командами страны или таковые вообще не созданы, отсутствуют и не используются во многих командах.

\"\"

ҒЫЛЫМ МЕН СПОРТ САЛАСЫНЫҢ ДАМУЫ

 

Республикамыздағы дене шынықтыру мен спорттың іргелі ғылыми негіздерінің дамуы Кеңес өкіметінің кезінде қаланған. Дене шынықтыру және спорт мәселелерімен айналысу үшін құрылған база орталықтары және біліктілігі жоғары маман кадрлар осы саланың көптеген түйінді мәселелерін шығармашылық тұрғысынан қарап, оңтайлы шешіліп отырған.

Зерттеудің мақсаты – зерттеліп отырған пән теориясының дамуын және спорттағы оқу-жаттығу үрдісі практикасының білімдік шегін ары қарай кеңейту болып табылады.

Құрлықаралық және әлемдік спорттық тартыстар нәтижесі көрсеткеніндей, қазіргі заманғы спортта бай тәжірибе мен жоғары кәсібилікке ие болу жеткіліксіз, оған қоса ғылыми-зерттеу тәсілдемесі қажет.

Отандық қазақ ғылымының құрамдас бөлігі ретінде спорт ғылымы қиын кезеңдерді бастан өткізуде. Ол жеткіліксіз қаржыландыруға, құрал-жабдықтарды жаңартуға қаражат тапшылығы, мамандық беделінің төмендеуіне, ғылыми зерттеулерге тиімді тапсырыстардың жоқтығына байланысты туындауда. Осы келеңсіз факторлар сапалық көрсеткіштердің төмендеуіне әкелді.

  Отандық ғылымның кері кету келеңсіздіктерінің мәні тереңде жатыр. Ғылымға елеулі соққы болған фактор бюджеттік қаржыландырудың күрт қысқаруы болып табылады.

  Бүкіл әлемде іргетасы мықты қаланған ғылымсыз қоғамның, білім мен мәдениеттің, ауыл шаруашылығының дамуы мүмкін еместігі еліміздің саналы азаматтарына аян.

  Ғылым – бұл қоғамның қамқорлығын үнемі қажет ететін масыл бір сала емес, ол ел экономикасын ілгері жылжытуға көмектесетін, жаңа технологияларды ілгері жылжытатын пайдасы шаш-етектен бір күрделі құрылым.

  Ғылымға қаржы салу мемлекетке өте тиімді, өйткені одан түсетін пайда бөлінген қаражаттан әлдеқайда асып түседі. Жалпы ғалымдардың есебінше, ғылымға бөлінген қаражат ғылыми зерттеулер негізінде алдыңғы қатарлы озық технологиялар арқылы 10 есе болып қайтады.

  Ғылым мен технологияның үйлесе отырып дамуы үшін мемлекет ең алдымен қаржылай көмек көрсетіп, ғылыми-техникалық жобаларды қолдауы тиіс.         Біраз жылдар бұрын салалық ғылым ерекше қиын жағдайда қалды. Ғылымның бүлінген инфрақұрылымын түрлі қорлар құтқара алмайды. Отандық өнеркәсіп объективті себептермен ғылыми зерттеулерді толық қаржыландыра алмайды. Салалық министрліктердің де өз ғылымын қолдауға қаражаты жеткіліксіз.

  Сонымен қатар, мемлекет спорттың дамуына көңіл аударуда, спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалар қаржыландырылуда, Олимпиада ойындарының, Дүниежүзілік Чемпионаттың, Азия ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері материалдық жағынан мадақталуда.

  2017 жылы Дүниежүзілік қысқы Универсиаданы өткізу және 2022 жылы Алматы қаласында қысқы Олимпиада ойындарын өткізуге кандидатурасын ұсыну Қазақстанның ілгері дамуы мен Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың көптеген жеке жетістіктерінің көрсеткіші болып табылады.

  Баршаға мәлім, Парламентіміздің депутаттары спорт пен дене шынықтыруды дамытуда ғылыми базаның болуына қызығушылық танытты. Ол жоқ болып шықты. Дегенмен, ғылыми базаның болуын ешкім дәлелдеген жоқ.

  Зерттеу мақсаты. Спорт ғылымын реформалаудың басты мақсаты – ғылыми ұйымдардың қызметін экономикалық және саяси ұстанымдарға сәйкес жүргізе отырып, тез арада төмендегідей маңызды мәселелерді шешу қажет:

отандық ғылымның нормативті-құқықтық базасын бекіту;

алдыңғы қатарлы технологияларды дайындаудың негізгі бағыттарын қаржыландыру үшін басымдықтарды айқындау;

отандық ғылымды қайтарымды қаржыландыру тәртібіне өткізу, ғылыми-техникалық қызмет тиімділігін арттыру.

Зерттеу әдістері. Жалпы спорт саласы мәселесін қозғап жүрген баспасөз беттеріндегі, ғылыми журналдардағы мақалаларға шолу, жарық көрген ғылыми зерттеулерге талдау жасалынды. Спорттың дамуын, аяқ алысын сөз еткен баспасөз бетіндегі айтыс-тартыстар, сұхбаттар мен түрлі пікірлер ой елегінен өткізілді.

Зерттеу нәтижелері және оларды талқылау. Қазіргі заманғы ғылымға қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге қаржының аздығы ғылым дамуына көп кедергі келтіруде. Біздің 20 жылдан бергі сатып алынған құрал-жабдықтарымыз жалпы құрал-жабдықтардың 20 пайызын ғана құрайды. Бұл жағдай ғылыми-зерттеу жұмыстарының тәжірибелік құрамының үлесін төмендетуге объективті түрде алып келді.

Бүкіл дүниежүзінде тәжірибелік-эксперименттік мәліметтерге түбегейлі талдау жүргізіліп отырған кезде біздің елімізде мұндай жұмыстарға ғылыми приборлар мен құрал-жабдықтарды қолдана отырып әрекет етуге объективті тұрғыдан мүмкіндік болған жоқ.

Жалпытеориялық және методологиялық мәселелерді эксперименттік апробациясыз шешу ғылыми зерттеулер арақатынасы мен тепе-теңдігін бұзғандықтан, келешекте отандық спорт ғылымының жетістіктерінің ұстанымдарынан ажырап қалуымызға әкелуі мүмкін.

Соңғы жылдарда құрама командалардың ғылыми-әдістемелік жүйесі бұзылды. Спорттың көптеген түрі бойынша кешенді ғылыми топтармен жұмыс істеу тоқтатылды. Бұл тек спорттық дайындық қана емес, спорт ғылымының дамуына да әсерін тигізуде, өйткені спорт ғылымының қалыптасу үрдісі спорттық дайындық тәжірибесімен тығыз байланысты болып келді.

Спорт ғылымының бүгінгі жағдайы жалпы жұмыстардың қысқаруымен, эксперименттік жұмыстардың азаюымен, ғылыми мектептердің ұсақ тақырыптармен алшақтану үрдістеріне бой алдыруымен сипатталады. Ұзақ жылдар бойы жүргізілген зерттеулер спорт ғылымының іргетасын қаласа да, бүгінде ары қарай дамытуға мүмкіндіктері шектеулі, қаржыландырылуы тұрақсыз, жеткіліксіз құрал-жабдық, т.б. секілді белгілі себептер ғылыми мектеп пен ғылыми бағыттың  толық қалыптаспауына және де жас ғалымдардың тұрақтамауына алып келді. Бұдан отандық ғылым елеулі зардап шегуде. Осы себепті қазіргі кезде спорт биохимиясы, биомеханика, спорт психологиясы және басқа да іргелі бағыттарда зерттеулердің тапшы екені анық сезіледі. Кейінгі жылдары шетелдік спорт ғылымында зерттеулер белсенді түрде жанданып келеді. Әсіресе, тренажерларды жетілдіру мен оларды жаппай шығару ісі қарқынды дамуда. Спортшылардың дене күшін, қабілетін арттыру жолындағы әртүрлі тағам қоспалары өндірісінің зерттеулері жақсы жолға қойылған. 2010 жылы дене тәрбиесінің педагогикасы бойынша болып өткен ғаламдық форум «GoFPEP-2010» дене тәрбиесі, болашақтағы денсаулық білімі және қайта құру тәсілі сияқты қоғамдық өмірге қажетті білімдердің маңыздылығын, теориялар мен тәжірибені бірлестіре отырып, жаңа технологияларды қолдану міндеттерін қарастырған.

Қазіргі таңда спортшыларды медициналық іріктеу мен тексеруге дара, жекеленген тәсілді жетілдірудің, жаттығушының медициналық міндетті тексерілу картасын жаңартудың уақыты келіп жетті. Бұл — спортшының ерте кезеңнен спорт түріне байланысты жұмыс қабілеттілігін, төзімділігін, психикалық бейімділігін анықтау жұмыстары.

Қалпына келетін медицина мен спортты дәрілік қамтамасыз ету мәселелеріне баса назар аудару қажет.

  2017 жылы Универсиаданы өткізудің Мастер-Планында медициналық қызмет көрсету мен спортшыларды допингке тексеруді жүргізу мәселелері қатаң тәртіппен қарастырылған. 

Айта кету керек, көптеген шетелдерде қазіргі заманғы спорт өз дамуында жоғары технологиялық үрдіске ие болды. Спорттың қандай түрі болсын, әрқашан ғылыми негіздеме мен ғылыми-әдістемеліктерге мұқтаж.

Қазақстан ғылыми-ақпараттық кеңістікте артта қалып келеді. АҚШ-та жүздеген спорт басылымдары шығып жатқанда, Қазақстанда «Дене тәрбиесінің теориясы мен әдістемесі» және «Дене тәрбиесінің жаршысы» секілді екі ғана журнал шығады. Олар да көбінесе жекелеген спорт салаларын қамтиды. Осыған орай айтарымыз, терең зерттеу нәтижелерін арқау еткен ғылыми мақалалар спорттың өзекті салаларын қамтуы қажет.

Жоғарыда аталған журналдардың таралу жағдайы да қуантарлықтай емес. Спорттың қоғамымызда алатын орнының маңыздылығын ескере отырып, Білім және ғылым министрлігі тарапынан пәрменді қолдау көрсетілуі әрқашан күн тәртібінен түспеуі керек. Салалық спортты дамытуға спорт федерациясының ғылыми зерттеулер нәтижелерін спорттық дайындықта қолдануға қызығушылық танытпауы да елеулі назар аударатын мәселелерге жатады.

Бұрын спорт ғылымының стратегиялық бағытын анықтауға мүмкіндік беретін талдау жұмыстарының маңызы зор болды. Әр кезеңде спорт ғылымында мынадай айқын стратегиялар дайындалатын:

а) дайындық жүктемесінің бағдарламасы; ә) спорттың әр түрі бойынша спорт дайындықтарының модельдік сипаттамасын әзірлеу; б) спорттық даярлық үрдісін фармакологиялық түзету бағдарламасын әзірлеу; в) қозғалыс қызметін биотехнологиялық модельдеу және т.б.

Отандық спорт ғылымының жаңа тәртіпке өтуіне даярлық параметрлері кешені жүзеге асырылуы тиіс. Ең алдымен, ғылыми зерттеулер бағытын айқындау қажет және де бұл бағыттардағы ғылыми зерттелудің сапалық мәселесі бірінші орынға қойылуы керек.

Қазіргі кезде ғылымның, оның ішінде спорт ғылымының дамуы үшін құқықтық базаның болуы өте маңызды. Қазақстан Республикасының заңнамалары негізінде дене шынықтыру мен спорт саласының ғылыми зерттеулерін қаржыландыруды мемлекет өз міндетіне алуы қажет.

ҚР заңнамасы мен спорт саласын дамыту жөніндегі үкімет қаулылары негізіне сүйене отырып, Қазақстан құрама командасы мен спорт резервінің негізгі құрамын ғылыми-әдістемелік және медициналық жағынан қамтамасыз етуді толыққанды қаржыландыру қажет. Ол спортшыларды Олимпиадаға даярлауға бөлінген жалпы соманың 10 пайызынан кем болмауы керек.

Қазақстан құрама командаларын кешенді зерттеуді қалпына келтіруде оған медициналық жағынан қамтамасыз етуді қосу маңызды міндет болып табылады. Бұл жаңа әдістемелік-методологиялық негізде іске асырылуы тиіс.

Бүгінгі кезеңде саланың ғылыми кадрларын жоғалтып алғандықтарын ескеріп, саланың ғылыми мәселелерін шешетін тәжірибелі мамандарды тарту шараларын қолға алу қажет. Бұл үшін Ғылыми-зерттеу институты ашылып, сала қызметкерлерінің біразын спортшыларды даярлауға тартып, сала бойынша практикалық ғылыми-зерттеу жұмыстарына бағыттау керек. 1999 жылдың 2-желтоқсанында ҚР «Дене шынықтыру және спорт» туралы заңында [28-бап] дене шынықтыру және спорт қызметкерлерінің спорттық қызметі жөнінде нақты айтылған. 

Тұжырымдар. Жоғарыда айтылғандарға қоса, төмендегідей шаралардың бірінші кезекте іске асырылуы қажет:

ғылыми-зерттеу құралдарының заманауи түрлерін алуға мақсатты бюджет қаражатын бөлу;

дене шынықтыру және спорт мәселелерінің ҒЗИ құру;

республикалық ғылыми-зерттеу кеңесінің дене шынықтыру және спорт бойынша МБК құру, оның басты міндетіне спортты дамытудың әртүрлі ғылыми салаларынан мамандарды шоғырландыру кіреді;

жыл сайын үздік деген ғылыми жұмыстарға республикалық байқау өткізу;

спорт ғылымымен айналысатын жас ғалымдарға қолдау көрсететін арнайы бағдарлама дайындау;    

Соңында тұжырып айтарымыз, ғылыми зерттемелердің нәтижелері үлкен маңызға ие және ол оқу, оқу-жаттығу сабақтарында, кәсіби мамандығын жоғарылату семинарларында кеңінен пайдаланылуы мүмкін. Магистранттар, ізденушілер, спорт түрлері бойынша жаттықтырушылар ғалымдардың ғылыми еңбектерін басшылыққа алулары қажет.

Досқараев Б.М.

Қазақстан Республикасы, Алматы қ.,  

«Универсиада Алматы 2017» Атқарушы дирекциясы» МҚ