Тұрсынбаева С.Д.: «МҮГЕДЕКТЕРДІҢ СПОРТТЫҚ ІС-ШАРАЛАРДА ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТУ МОТИВАЦИЯСЫ»

0
1505

\"\"Аннотация. Мақалада мүгедектердің спорттық іс әрекеттерде жетістікке жету мотивациясының өзгешеліктері сипатталынады. Жетістікке жету мотивацияның ғылыми теориялық негізі сипатталынады. Мүгедектердің спорттық іс ірекеттерді орындау барысында жетістікке жету мотивациясының құндылық бағдарына, яғни денсаулықтарының жақсаруына деген ішкі қажеттіліктерінің қанағаттануы мен мотивтік  өрісіне тікелей байланыстылығы айқындалады. 

\"\"

МҮГЕДЕКТЕРДІҢ СПОРТТЫҚ ІС-ШАРАЛАРДА ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТУ МОТИВАЦИЯСЫ

 

Кез келген адам өмір сүру барысында өзінің айналысып отырған іс әрекет саласында қандай да бір жетістіктерге қол жеткізуге тырысады. Адам өз өмірінде көптеген табыстарды көздейді. Адамның алдына қойған мақсатының түп тамыры белгі бір жетістікке жету болып табылады. Олай болса, адам өмірінің мәні жетістікке жетумен сипатталынады. Сол сияқты мүгедектердің де өмір мәні олардың денсаулығының сауығуы мен жүріс тұрыстарының сапалы көрсеткіштерге ие болуы. Қандайда бір табысқа жетуі оның одан әрі күрделі табыстарға жетуге деген мотивациясы күшейе түседі.

Дегенмен, адамдар кейде алдына қойған мақсатына жету барысында мотивтік күштің әлсіздігіне орай, сәтсіздікке ұшырауына орай бастапқы мақсатынан айнып жатады.

Ал мүгедектердің спорттық ойын көріністерінде немесе ұйымдастырылған спорттық іс шаралар барысында ойындағы жетістіктер мен жүлделі орындарға ие болуы олар үшін үлкен жетістік болып табылады. Осы жетістікке жетудегі табыс оның тәндік саулығын қамтамасыз етуге қоса, психологиялық күйзелістерінде ретке келтіруді қамтамасыз етеді. Сондықтан, мүгедек балалардың дене жаттығуларында, спорттық іс шараларда, қимыл қозғалыстарды орындауда жетістікке жету мотивациясы өзіндік ерекшеліктерімен өзгешеленеді. Мүгедектердің өмірдегі қиыншылықтарды қабылдау негізінде, өмір сүру барысында қалыптасатын төзімділік, тұрақтылық, табандылық, тоқтамға келгіштік, ұстамдылық сияқты қасиеттер олардың алдына қойған жетістікке жетуге деген мақсатының мәні ешқашан төмендетпейді. Керісінше, спорттық әрекеттердегі сәтсіздіктер мен қателіктер олардың намыс, жігеріне әсер ете отырып, жетістікке жетуге деген мотивациясын күшейте түседі.

Жетістіктерге жету мотивациясы және әртүрлі іс-әрекеттердегі сәтсіздіктерді жеңу теориясы – іс-әрекеттерде жетістіктерге жету мен мотивациясы арасындағы тәуелсіздік біржақты сипатта бола бермейді. Мотивациялық құбылыстар қайталанған сайын адамның тұлғалық белсенділігіне айналады. Мұндай белгілерге жетістікке жету мотивтері, сәтсіздіктерден қашу мотивтері жатады, сондай-ақ, бақылау локусы, өзін-өзі бағалау, талаптану деңгейі жатады. Жетістікке жету мотивтері – бұл адамның әртүрлі іс-әрекет пен қарым-қатынастағы жетістіктерге ұмтылуы. Ал мүгедектердің жетістікке жету мотивациясы өзін көрсетуге, өзінің басқа адамдар арасында алатын орнын айқындауда, тіпті кез келген жарыстарда жеңіске жету ынтасының жоғары болуымен сипатталынады.

Сәтсіздіктерді жеңу мотиві – адамның іс-әрекеті мен қарым-қатынасының қорытындысын басқа адамдардың бағалауымен және өшуімен ситуацияларға байланысты сәтсіздіктерді жеңуге тұрақты күшіміз. Сол сияқты мүгедек балалар кейбір сәтсіздіктерін, өмірлік қиыншылықтарын күнделікті спорттық әрекеттер арқылы, дене жаттығулары барысында машықтану арқылы оны жеңу жолдарын шешуге тырысады. Бақылау локусы – адам өзінің мінез-құлқын түсіндіретін себептерді локализациялау сипаттамасы, ал өзін-өзі бақылау – жеке тұлғаның өзін, өзінің мүмкіндіктерін, қасиеттерін бағалау. Сондай-ақ, талаптану деңгейі – жеке тұлғаның өзін-өзі бағалауының тілеген деңгейі тұлғаның «Мен деңгейі», белгілі бір іс-әрекеттегі максималды жетістігі. Ол қоғамда қалыптасқан  салт-дәстүрге, әдет-ғұрыпқа, қоршаған ортасына өзінің болашаққа деген көзқарасы мен талаптану тілегіне сай игерілуі. Индивид үшін әлеуметтік маңызды құндылық оның өз тәжірибесі нәтижесінде тексеріліп, өзінің игілігіне айналған құндылықтар болып есептелінеді. Бұл құндылықтар жүйесі қоғамда қалыптасқан адамгершілік, моральдік, этикалық нормаларды ой елегінен өткізе отырып, өзінің «мен» бейнесінін қалыптастыруында көрінеді. Жеке адамның бағыттылығы оның біртұтас құрылымын анықтайтын мағына тудырушы динамикалық  мотивтері жүйесімен тығыз байланысты. Бұл жүйе адамның мінез құлқы мен іс-әрекетін айқындап, оның белсенділігіне бағыт береді.

Педагогика және психология ғылымдарында жетістікке ұмтылушылық ерекшеліктерінің теориялық әдіснамалық сипатын беруде, жетістікке жету мотивациясын анықтауда теориялық талдамдар жинақталады. Адам өміріндегі жетістікке жету жолдарының жан-жақтылығын, маңыздылығын, анықтамаларын  салыстырмалы талдау арқылы ғылыми түсіндірмесін табуға тырыстық. Көптеген зерттеулерде, атап айтқанда, А.Маслоу, Л.Божович, В.Ильин, Н.Морозова, Н.Хмель, Г.Щукина және т.б. еңбектерінде жетістікке, сәттілікке ұмтылу деңгейін әртүрлі қызығушылықты қалыптастыру мәселелері арқылы қарастырады. Олар оқу-танымдық, кәсіптік, қоғамдық-саяси, көркемдік – эстетикалық қызығулар және еліктеумен сипатталады деп көрсетілген. Ал мүгедек балаларда бұл қызығушылықтарға қоса, дене шынықтыру жаттығуларының емдік жағына баса көңіл бөлу мәні анықталады.

Жетістікке, сәттілікке ұмтылу деңгейінде тұлғаның ішкі жан дүниесі және оның өзіндік сана-сезімі ерте замандарда-ақ философтарды, оқымысты ғалымдарды,  өнер адамдарында өзіне қарата біліді. Сана және өзіндік сана-сезім философияның, психологияның және әлуметтанудың ортақ мәселелерінің бірі. Оның мәні сана және өзіндік сана туралы білім тек көптеген маңызды теорялық сұрақтарды ғана емес, сондай-ақ өмірлік позицияны қалыптастырумен байланысты практикалық міндеттерді де шешудің әдістемелік негізін құрайтындылығына негізделген.

Жетістікке ұмтылушылықтың негізінің бірі болып табылатын компоненттің бірі — өзіндік сана мен өзіндік тану қабілеттілігін – адамның ерекше игілігі, яғни өзінің өзіндік сана сезімінде ішкі қатынас пен іс-қимылдың, сананың субъектісі ретінде, өзіне тікелей қатынас орнатушы ретінде ұсынады.

Қоғамдық-әлеуметтік іс-әрекетті өзінің механизмдерінің бірі деп жетістікке ұмтылуды жеке қарастыру мүмкін емес. Оның негізінде мотив жатады. Мотив — дегеніміз индивидті белгілі бір әрекеттерге итермелейтін, ішкі күш. Мақсат – бұл адамның бір нәрсеге бағытталуы, ал мотив – бұның не үшін керек екенін, яғни өзіңе маңызды белгілі бір белсенділіктің мағынасы. Мотивациялық компоненттер әр адамның психикалық іс-әрекетінің доминанты болып келеді және оның ұмтылуларында, оқуында, кәсіби іс-әрекетінде, мінез-құлығында, өмір сүру салтында маңызды роль атқарады. Осылардың әсері арқылы, индивид кедергілерді жеңіп, нақты бір шешімдерге жету үшін күш салады. Мотивациялық компоненттер өзінің топтық белгілері бойынша, процесстер, күйлер немесе тұрақты құрылымдар ретінде көрінуі мүмкін. Олардың кейбіреулері туа пайда болуы мүмкін, мысалы: кейбір қажеттіліктер, бірақ олар әлеуметтік жағдайлардың әсерінен қатты өзгеретіндігін естен шығармау қажет.  

Мотивацияның өзгеруі ішкі шиеленісушілікті қоздырып, қажетті құбылыстың маңыздылығымен және оған деген бағыттылықпен анықталады. В.К.Вилюнас мотивациясының осы маңызды компоненттерін қажеттіліктің қанағаттануының өтпелі және аяқталушы фазасы деп атады. Маңыздылық пен бағыттылық жеке тұлғаның интегралды құрылымында базальды үш деңгейді құрайды: «организм — индивид — жеке тұлға».

Ал, А.Т.Москаленко мен В.Ф.Сержантовтың пікірінше, бұл деңгейлер «Меннің» төмендегідей компоненттерін құрайды, олар:

1.Витальды «Мен» — индивидтің  негізгі қызметтерінің жүйесі;

2. Рефлексивті «Мен» — витальды және аксиологиялық элементтер арасындағы байланыстар жүйесі;

3.Аксиологиялық «Мен» — тұлғаның құндылық бағдар жүйесі;

Психология ғылымында қажеттіліктерді зерттеудің екі тәсілі бар. Оның бірі — индивидтің сақталуы мен дамуына бағытталған мұқтаждықтарды қанағаттандырудың объективті формасы; екіншісі – мотивацияның нақты механизмдерімен белгіленіп, индивидтің субъективтік жай-күйін бейнелейтін қажеттіліктер.

Қажеттілік қанағаттану процесін сипаттайтын осы үш көрсеткішке сай жеке тұлғаның құрылымдық деңгейлері келесі үш жүйені құрайды:

1. Заттық (витальды) қамтамасыз етілу;

2. Әлеуметтік қамтамасыз етілуі;

3. Жеке тұлғалық (рухани) қамтамасыз етілу.

Аталған жүйелердің алғашқы екеуі көмескі сипатта болады. Олардың гедонистік қызметінің екі жақты сипаты витальды және әлеуметтік қажеттілліктер объектісі болып табылатын жеке тұлғаның мәнділік жүйесінің екі жактылығына әкеп соқтырады. Осы жүйенің дезинтеграциясы нәтижесінде адамның жеке даралық және әлеуметтік «Мен» бейнесі арасында  терең қайшылықтар туындайды. Г.Г.Делингенскийдің пікірінше осы екі қақтығыстардың нәтижесінде жеке тұлға бойында мынадай психологиялық мінездер туындауы мүмкін:  конформизм, ынжықтық, менмендік, өзімшілдік, т..б.

Ал, енді жеке тұлғаның  құрылымдық деңгейінің үшінші, яғни рухани жүйесінің ықпалы жеке тұлғаның қажеттілік объектілерінің мәнін тануда өзін-өзі жетілдіруде, шығармашылық белсенділікте және өзіндік анықтауда  көрінеді.

Сонымен, жеке тұлғаның құрылымдық деңгейлері біркелкі жүйелі болған жағдайда адамның өзін-өзі рухани танып, өз өмірінің мәнін қоғамдағы орнын табуына мүмкіндік береді.

Жетістікке жету қажеттіліктері қызығушылықтармен тығыз байланысты. Қоғамның белгілі құрылымдары, реформалары сияқты әлеуметтік әрекеттерді тудыртқан қызығушылықтар анықталмағанша, оларды түсіну мүмкін емес. Берілген қажеттілікке тән мотив өзектендіріліп, қызығушылық пайда болады. Бұл тұлғаның іс-әрекет мақсатын түсінуін қамтамасыз етеді.

Егер қажеттілік қанағаттандыруға бағытталса, онда қызығушылық қажеттіліктерді қанағаттандыруды қамтамасыз ететін құндылықтарды, заттарды тарататын әлеуметтік қатынастарға, институттарға, мекемелерге  бағытталған. Ең басты экономикалық, материалды қызығушылықтар үлкен топтардың белсенділігіне немесе пассивтілігіне маңызды әсер етеді. Сөйтіп өзекті мотивпен біріккен әлеуметтік объект қызығушылықты тудыртады. Қызығушылықтың біртіндеп дамуы субъектіде нақты әлеуметтік объектілерге қатынысына деген мақсатын тудыртады, мысалы билікқұмарлардың билікке таққа ұмтылуы. Ал, мақсаттың пайда болуы, бұл ситуацияны түсінуді және әлеуметтік міндеттердің қалыптасуына әкелетін, субьективті белсенділіктің әрі қарай даму мүмкіндігін  білдіреді.

Жетістікке ұмтылушылық ерекшеліктерінің  теориялық әдіснамалық сипаты бола алатын «мотивация» дамуының динамикасы үш кезеңнен тұрады. Атап айтқанда: бірінші, мотивтердің пайда болуы, қалыптасуы, екінші қажеттілікті тудырушы затқа жету, үшінші қажеттіліктердің қанағаттандыруы. Ал, мотивацияның пайда болуы біріншіден, ішкі шиеленісушілікті тудырады, екіншіден, қажетті затқа эмоционалдық қозуды тудырады, үшіншіден, қажеттілік қанағаттандырылған соң эмоционалдық қызығушылық бейтарап қалыпқа түседі немесе ләззат алу, шаттану сатысына көтеріледі. Сол сияқты спорттық іс әрекеттегі жетістікке жету мотивациясы да біріншіден, қандай спорттық түрі оның денсаулығы үшін аса маңызды бола алатынын айқындау барысындағы шиеленісті тудырады, екіншіден, нақты спорттық іс шаралар мен дене жаттығуларының тәсілдерін анықтап алғаннан соң, сол әрекетте жеңіске қол жеткізуге деген эмоционалды қозу пайда болады, үшіншіден, жетістіке жету оның ләззат алу, қанағаттану көзіне айналады. Осының негізінде мүгедек балалардың жетістікке жетуге деген ықыласы дағдыға айналады.

Біздің мекемедегі әртүрлі санаттағы мүгедек балалар қандай да бір спорттық іс шараларда, дене жаттығуларын орындауда, жоғары қызығушылық таныта отырып, қалайда жетістікке жетуді мақсат етіп қояды. Емдік дене шынықтыру сабағы барысында балалардың спортық жетістіктерге жету кезінде жүздеріне нұр толып, көздерінен өмірге деген ұшқын анық байқалады. Сондықтан да мекеме ұйымы да, педагогтар ұжымы да осындай емдік жаттығулар негізінде балалардың жарқын болашағына, өмірлік құштарлығына жол ашады.

Қорыта айтқанда, мүгедектердің жетістікке жету мотивациясы құндылық бағдарының қалыптасуына, оның ішкі қажеттіліктерінің қанағаттануы мен мотивтік  өрісіне тікелей байланысты.

 

Тұрсынбаева С. Д.

Қазақстан, ОҚО, Түркістан қаласы

 

ОҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар Басқармасының Түркістан аумақтық мүгедектерді оңалту орталығы